Ұлттық сараптама орталығының жаңалықтары

Кенелерге қарсы маусымдық шаралар
Cезонные противоклещевые мероприятия 15.04.2016

Облыс аумағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) ауруының табиғи ошақ көзі болып табылады. Бұған ауа райының қолайлылығы, географиялық ландшафттың ерекшелігі және КҚГҚ қоздырғышымен зақымданған кенелердің табиғатта кездесуі негізгі себеп болып отыр. КҚГҚ табиғи ошақтары барлық аудандарда тіркелгенімен, бірақ негізінен эндемиялық болып облыстың оңтүстік аудандары табылады.

Өткен 2015 жылы кенеге қарсы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде КҚГҚ-нан қолайсыз елді мекендер саны 106-дан 100-ге дейін төмендеп отыр, оның ішінде: Жаңақорған ауданы бойынша -18, Шиелі-17, Сырдария-10, Жалағаш-4, Қармақшы-5, Қазалы-16, Арал-19 және Қызылорда қаласы бойынша -11 елді мекен.

«ҰСО» Қызылорда облысы бойынша филилалының аса қауіпті инфекциялар зертханасының зоопаразитологиялық тобы мамандары және аудандық бөлімше энтомологтары арқылы облыстың 107 елді мекені аумағында жүргізілген барлау және зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 10990 дана кене жиналып, АҚИ зертханасында зерттелді. Зерттелу қорытындысы бойынша 232 дана кенеден КҚГҚ-ның қоздырғышы анықталды және жұқпалық пайызы 2,1 құрап отыр.

КҚГҚ қоздырғышы 18 елді мекен аумағынан жиналған кенелерден анықталып отыр, соның ішінде 5 елді мекен бұл жаңа табиғи ошақтар болып табылады. Зерттелген кенелердің түр құрамы: Dermocentor niveus және Hyalomma. scupense.

2016 жылы облыс бойынша КҚГҚ-нан қолайсыз 100 елді мекендер аумағында 300м қашықтықта санитарлық-қорғаныс белдеуін құрып, 8000 гектар жер көлеміне залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Залалсыздандыру жұмыстары «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандарынан құрылған 2 эпидтоп арқылы 2 рет көктем және күзгі эпидмаусымда жүргізілуі тиіс.
Осы мақсатта 2016 жылы көктемгі эпидмаусымда, яғни наурыз айының 10-21-ші жұлдызы аралығында Жаңақорған және Шиелі аудандарында КҚГҚ-нан қолайсыз 35 елді мекендер аумағында санитарлық-қорғаныс белдеулері құрылып, 1700 га жер көлемі залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылды. Залалсыздандыру жұмыстары ГАЗ-53 және УАЗ автокөліктеріне орнатылған АДП агрегаттары арқылы дуст-дельтаметрин препаратымен шашыранды түрде жүргізілді.

КҚГҚ ауруын жұқтырмау үшін мына шараларды есте сақтауларыңыз қажет:
-Далалық жұмыстар кезінде, мал қырқу, күту кезінде арнайы киіммен, қолғаппен жұмыс жасау керек, соңынан кененің бар-жоғына үстін және киімдерін қарап шығу керек;
- Үй жануарларының үстінен (ірі қара, уақ мал, жылқы, ит, мысық) кенені жалаң қолмен жұлуға, мыжуға болмайды. Үй жануарлары кенелесе ветеринар мамандарға дезинсекция жасату қажет;
- Кене кірмес үшін далалық жерлерде малмен жұмыс істегенде шалбардың балағын етікке салып, жейденің жеңін түймелеп қою керек және репеллентер қолдануға болады;
- Кенеге қарсы дәрілерді эпидмаусым алдында малқораға, малдың үстіне сепсеңіз малыңыз да, өзіңіз де аурудан аман боласыз;
- Адам денесіне кене жабысса, кененің үстіне сұйық май (шемішке май, керосин, бензин) тамызып, жіппен кененің тұмсығын орап алып, ырғап-ырғап алып тастап, орнына йод ерітіңдісін жағу керек.
Кененің тұмсығы қалып қойса, тікен алғандай инемен алып тастап, орнына йод ерітіндісін жағыңыз.